×

«Денесі күйіп кеткен»: Алматы облысында мектептен келе жатқан оқушы жолда қайтыс болды

Боралдай кентінде оқушы теміржолда тоққа түсіп қайтыс болған

 Халық үні 08.03.2023 | 06:25
Фото: Азаттық

Алматы облысында мектеп оқушысы пойыздың тоғына түсіп қайтыс болды. Жоғары вольтты тоққа түскен оқушының денесі күйіп кеткен.Бала оқиға орнында бірден  қайтыс болып кеткен. Мектептен кеш шыққан оқушы үйіне қайтарда пойыз жолының бойымен жүрген, деп хабарлады Азаттық рухы.

«3 наурыз күні сағат 21.30 шамасында Боралдай кентінде оқушы теміржолда тоққа түсіп қайтыс болған. Оқыс оқиға Қарасай ауданына қарасты 71 разъезд саяжайларының маңында болған.  Оқушының тұрғылықты мекен жайы сол жақта болғандықтан, теміржол бойымен үйіне қайтып келе жатқан. Теміржол бойында тоқтап тұрған вагондардың үстіне  шығып алған. Вагондар мен электр сымдарының арасы жақын болғандықтан, оқушы тоққа түсіп оқиға орнында көз жұмған. Оқушы көпбалалы, толық отбасынан шыққан, ешқандай есепте тұрмаған»,- деді Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Іле аудандық  білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткеева аталған жағдайға қатысты түсініктеме берген.Оқушының  отбасында кәмелеттік жасқа толмаған алты бала болған. Мектептен қайтқан оқушыны не мұғалімі, не ата-анасы қадағаламаған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оншақты жылдан бері аудандық білім бөлімін тапжылмай басқарып келе жатқан Каткеева облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваға жағдайды баяндаған. Каткееваның айтуынша, оқушы мектептен шыққан. Алайда баланың не себепті кеш тарағаны айтылмаған. 14 жастағы оқушы Боралдай кентіндегі  № 39 гимназияның 8 «Г» сыныбында оқыған.

«2008 жылы туылған   8 «Г» сынып оқушысы  Нұрғалаи Жомарт Сұлтанұлы теміржолда тоққа түсіп қайтыс болған. Нұрғали Жомарт Сұлтанұлы  көпбалалы, толық отбасынан шыққан, ешқандай есепте тұрмаған. Әкесі – Қирбаев Султан Нургалиұлы, жалдамалы жұмысшы. Анасы – Сидикова Гүлмира Сахидуллайқызы үй шаруасында. Жомарт үйдің үлкені», - делінген аудандық білім бөлімінің  басшысы жіберген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама