Halyq Uni логотип
×

БҚО-да су басқан ауыл мектебінің оқушылары IV тоқсанда қайда білім алады

Шалғын ауылында жаңа мектеп құрылысы 2023 жылы басталады

 Халық үні 31.03.2022 | 16:38
БҚО-да су басқан ауыл мектебінің оқушылары IV тоқсанда қайда білім алады
фото: Halyq Uni

БҚО-дағы Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын ауылындағы мектептің жартысын су басты. Ауыл іргесіндегі сайдың суы жаңбырға толып, арнасынан тасып, мектеп ғимаратының ішкі тіреулеріне зақым келген.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа ғимарат салу Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасының сәйкес 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жобасы аясында 2023 жылға жоспарлануда.

Қаратөбе ауданының білім беру бөлімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мектеп жапсарлас екі ғимараттан тұрады. Бірінші ғимарат 1967 жылы, екінші ғимарат 1988 жылы салынған. 2007 жылы ауыл тұрғындары өз қаражатына 114,8 шаршы метр болатын қосымша (жапсарлас) ғимарат қосқан. Оның іргетасы төмен әрі қабырғалары саман тастан қаланған. Су басқаннан кейін ғимараттың қабырғалары мен жылытатын пештері опырылып құлаған.

Бүгін оқиға орнына Қаратөбе ауданының әкімі, тиісті бөлім басшылары барып, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспардан тыс отырысын өткізген. Ғимаратқа келтірілген шығын көлемі есептеліп, тиісті құжаттар жасақталған.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, Шалғын мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін 2020 жылдың қараша айында техникалық зерттеу жүргізілген. Алайда мектеп ғимаратының саман тастан салынуына байланысты «Tехникал сервей» ЖШС мектепті күрделі жөндеуден өткізуге келмейтіні және жаңа ғимарат салудың тиімді екені туралы қорытынды берген.

Мектептегі оқу процесі ғимараттың бүлінбеген бөлігінде өтеді. Аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, қазір мектепте білім алатын 37 оқушы мен шағын орталықта 12 тәрбиеленуші бар. Оларға мектеп ғимаратының бүлінбеген бөлігінде жеткілікті кабинеттер бар.

Мектеп оқушылары ғимараттың су баспаған жағында – 1988 жылы салынған бөлігіндегі 5 кабинетте екі ауысымда оқи береді. Сабақты жалғастыруға еш кедергі жоқ, - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Нұрлыбек Рахман, БҚО

Серіктес жаңалықтары

Сараптама