×

Мектептердегі интернет жылдамдығы халықаралық талапқа сай келмейді

Оларды интернетке қосу үшін жыл сайын 6,5 млрд теңге жұмсалады

 Дәурен Ерболат 07.03.2023 | 13:50
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандағы мектептердің басым бөлігінде интернет жылдамдығы халықаралық талапқа сай келмейді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде еліміздегі 7 098 мемлекеттік мектептің (ауылдағы 5 137, қаладағы 1 961) 7 078-і (ауылдағы 5 122 және қаладағы 1956 мектеп) интернет желісіне әртүрлі технологиямен қосылған. Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс желілері, жерсеріктік технологиялар, радио-релелік желі, сондай-ақ ADSL технологиясы бар», - деді вице-министр Үкімет отырысында.

Оның айутынша, Қазақстандағы мектептердің басым бөлігінде интернет жылдамдығы халықаралық талапқа сай келмейді.

7 078 мектептің 664-і (ауылдағы 509 және қаладағы 155) интернет жылдамдығы халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді. Сондай-ақ 6 414 мектепте (7078-ден 90,61%) интернет жылдамдығын халықаралық электорбайланыс одағының ұсынымдары деңгейіне жеткізу қажет, - деді Асхат Оразбек.

Халықаралық электр байланысы одағы бір мектепке интернет жылдамдығы кемінде секундына 20 мегабит болуы керек деп талап қояды.

Бұл жағдайда жүктеп алу жылдамдығы кемінде секундына 20 мегабит, ал жүктеу жылдамдығы секундына 5 мегабит болуға тиіс. Оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін қосымша әрбір 20 оқушыға кемінде секундына 1 мегабит жылдамдық ұсынылуы керек, - деді министрдің орынбасары.

Қазір еліміздегі 2 833 мектепте интернет жылдамдығын аттыруға болады.

Бұл үшін жыл сайын шамамен 10 млрд теңге (жеңілдетілген тариф негізінде) керек. Бүгінде барлық мектептегі интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін төленетін қаражат көлемі – 6,5 млрд теңге. Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, жергілікті атқарушы органдарға мектептерде интернет жылдамдығын арттыру үшін қажет қаражат бөлуді қамтамасыз ету керек, - деді ол.

Сондай-ақ 6 414 мектептің 3 581-інде интернет жылдамдығын арттыруға техникалық мүмкіндік жоқ.

«Сондықтан интернеттің қажетті жылдамдығын жерсеріктік технологиясын қолданып, қамтамасыз ету қажет. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның алдын ала есептеулеріне сәйкес, жыл сайын 418,2 млн теңге (бір мектепке ­­913 149 теңге) керек. Бұл технологияны қолданып, 458 мектепті интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қалған 3 123 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде жүргізіледі», - деді Асхат Оразбек.

Оның айтуынша, ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдар аралығында 190 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Баяндалғанды ескеріп, жергілікті атқарушы органдарға 2023 жылдың соңына дейін әрбір мектеп үшін жергілікті желі топологиясын әзірлеуді, 2024-2025 жылдарда мектептерде жергілікті және сымсыз желілер құруды тапсыру керек», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама