Негізі оның құрылысы былтыр аяқталуға тиіс болған
Атырау облысында сәуір айында «Сарайшық» туристерді тарту орталығын ашу жоспарланып отыр.
Мәдени-тарихи нысанның құрылысы былтыр аяқталуға тиіс болған. Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, нысанды тапсыру жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты кешіктірілген. Ал қазір сапар орталығы салынып бітті.
Іргелес аумақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Асфальт төсеу, көшет отырғызу, сыртқы жарықтандыру, орындықтар орнату жұмыстары жүргізіледі. Мердігер абаттандыруды күн жылығанда аяқтайды, – деді Нұрберген Құсайынов.
Сарайшық – Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қала. Орталықта Моңғол кезеңіне дейінгі, Моңғол кезеңі, сондай-ақ Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының бірнеше экспозициялық аймақтары болады.
Сапар орталығының көрмесінде бірқатар құнды заттар ұсынылады. Елімізде алғаш рет Қасым хан мен Бату ханның бейнелері көрсетіледі.
Бұл суреттерді жасау үшін ғалымдармен біраз жұмыс істелді. Экспозицияларда Сарайшық қалашығының материалдық мұрасы, әр уақытта табылған артефактілер, Алтын Орда туы немесе кейбір елдердің мемлекеттік елтаңбаларында бар қос басты бүркіт белгісі қойылады. Сарайшықта екі басты бүркіт бейнеленген белгі табылды, – деді «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС-нің даму жөніндегі директоры Ринат Құттысов.
Мәдени-тарихи орталықта 6 экспозициялық зал, сондай-ақ көрме павильоны болады.