Елімізде балалардың бастапқы сырқаттанушылық көрсеткіші 6%-ға төмендеді

Динара Амантай

Былтыр амбулаториялық деңгейде баланы консультациялық-диагностикалық қабылдау ісі 118 млн рет жүргізілді

Фото: Halyq Uni

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде вице-министр Вячеслав Дудниктің денсаулық сақтау саласындағы пациенттік ұйымдардың өкілдерімен кездесуі өтті. Оған медициналық қоғамдастық сарапшылары, ҮЕҰ және азаматтық қоғам өкілдері де қатысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Вице-министр өз сөзінде кездесуге қатысушыларды Денсаулық сақтау министрлігі іске асыратын ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары туралы хабардар етті. Ол Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы, «Дені сау ұлт», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары және Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары секілді бірқатар құжаттардың мақсаттары мен міндеттері туралы қысқаша айтып берді.

Ол алдымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын министрліктің әкімдіктермен бірлесіп, жобалық тәсілді қолдана отырып іске асырып жатқанын атап өтті. Ұлттық жобаны іске асыру халық денсаулығының көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған. Оның іс-шаралары ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығын арттыруды қамтамасыз етеді.

Екінші ауқымды жоба – ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша ауыл тұрғындарына медициналық көмектің сапасын жақсартуға арналған. Осы жоба шеңберінде барлық ауылдық елді мекендерді жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын: медициналық пункттерді, ФАП-тарды, дәрігерлік амбулаторияларды салу жолымен медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

В. Дудниктің айтуынша, бұл ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға және пациентке бағытталған жаңа тәсілдерді – қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді, созылмалы аурулары бар науқастарды сауықтыруды, қалпына келтіруді және медициналық, оның ішінде үйде оңалтуды енгізуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары Олжас Ысқақов балаларға көрсетілетін медициналық көмектің негізгі бағыттары мен көлемі туралы айтып берді.

Балаларға медициналық көмек кепілдік берілген көлем және МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі. Өйткені балалар халықтың жеңілдікті санаттарының тізбесіне кіреді. 2022 жылы балаларға медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 560 млрд теңгені құрады.

ДСМ деректері бойынша, елде 249 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39 перинаталдық орталық бар, онда жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету үшін 140 төсек орналастырылған. Сонымен қатар, қалпына келтіру емін 49 балаларды оңалту орталығынан алуға болады, оның ішінде 3 республикалық деңгейдегі (Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы, «Балбұлақ» оңалту орталығы, «Алатау» балалар клиникалық санаторийі). 2022 жылдың 12 айында 83 мыңнан астам бала тәулік бойы және күндізгі стационарлар деңгейінде оңалту бойынша негізгі аурумен емделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық екенін айта кеткен жөн.

О. Ысқақовтың айтуынша, жүктілік кезінде даму кемістіктерін анықтау сапасын жақсарту үшін 18 ұрықты сақтау орталығы құрылды, онда ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг, генетиктермен кеңесу жүргізіледі. 1,2 млн ұрық скринингін жүргізу барысында 3,5 мың туа біткен кемістік анықталды, медициналық көрсеткіштер бойынша 1340 жүктілік үзілді. Өткен жылы балаларды скринингпен қамту 12%-ға ұлғайды, неонаталдық скринингпен қамту 92,6% - ды, аудиологиялық 78,1% -ды, психофизикалық 95% -ды, офтальмологиялық 99,1% -ды құрады.

ДСМ ақпараты бойынша, 2022 жылы амбулаториялық деңгейде 118 млн рет баланы консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізілді, тәулік бойы стационар жағдайында 576 мың бала емделді, балаларға 100 мыңнан астам операция жасалды.

Ол аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін сақтап қалу үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация іске асырылғанын атап өтті. Санавиацияның 497 ұшуы, оның ішінде жаңа туған нәрестелерге 271 ұшу орындалды, 1072 балаға медициналық көмек көрсетілді.

Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша балалардың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 000 балаға шаққанда 4,3%-ға, бастапқы сырқаттанушылық көрсеткіші 6%-ға төмендеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары диалог форматында балалар денсаулығын сақтау саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ пациенттер мен азаматтық қоғамдастықтар өкілдерінің әрбір өтініші бойынша толық түсініктемелер берді.