Halyq Uni логотип
×

Түркия мен Сирияға гуманитарлық жүк жеткізген ұшқыштар марапатталды

Бұл елдерге жалпы көлемі 55 тонна көмек жеткізілді

 Дастан Жұмабекұлы 07.03.2023 | 10:40
Түркия мен Сирияға гуманитарлық жүк жеткізген ұшқыштар марапатталды
фото: Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Түркия мен Сирияға гуманитарлық жүктерді жеткізуге қатысқан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде екі рет жойқын жер сілкінісі болып, соңғы дерекке қарағанда, одан 46 мыңнан аса адам қаза тапқан еді. Осы зілзаладан 448 мыңнан аса адам эвакуацияланды. 20 мыңнан аса ғимараттың қираған орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. 45-тен аса мемлекет жапа шеккендерге қол ұшын созды. Апаттың салдарын жою үшін қаржылық көмек көрсетті. Қазақстан да жағдайға бей-жай қарамай, апат аймағына шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлерді, авариялық-құтқару жабдықтарының 150-ге жуық түрін жіберді. Осылайша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен зілзаладан зардап шеккен адамдарға барынша жедел көмек көрсетілді.

Марапаттау рәсімінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов құтқарушыларға награданы табыс ете отырып, еліміздің атынан гуманитарлық жүктерді тасымалдаған Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғыс айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен осындай сын сағатта Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де жер сілкінісі салдарын жою жұмыстарына қатысып, гуманитарлық  жүктерді тасымалдады. Ұшқыштар Сирияға 4 рейс, Түркияға 2 рейс жасады, – деді Ішкі істер министрі.

Кездесуде зілзаладан зардап шеккендерге қазақ елінің атынан көмекке аттанғандардың бірі, 3656 әскери бөлімінің литерлік авиациялық жасағының кеме командирі Берікболсын Хабиболла Сирияға барғанда өз көзімен көрген жағдайды айтып берді. Ол апатты жерге ұшу мен қону кезінде қиындықтардың болғанын айтты.

Біз Сирия мемлекетіне алғаш рет ұштық. Сирияға көмек көрсеткен алғашқы елдердің бірі болдық Сондықтан экипаж үшін біршама қиын болды. Онда GPS-навигация жұмыс істеген жоқ. Бұл ұшақтардың толық жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Радиобайланыспен де қиындықтар туындады. Бірақ Сирияда бізді жылы әрі қуанышпен қарсы алды. Еліміздің гуманитарлық көмегі расымен де дер уақытында жетті. Дәл сол кезде бізден басқа елдерден құтқарушы әріптестеріміз әлі бармаған еді. Жер сілкінісі кезінде Түркия мен Сирия елдерінің радиостанцияларына үлкен зақым келген, – деді ұландық командир.

Әскери қызметші «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болды. Оның әріптесі Құрманғали Топанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол да кездесуде жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысқанын жеткізді.

Жалпы негізгі қызметіміз осы. Сондықтан барлық қиындықтарды еңсере білдік. Бәріміз әскери адам болған соң, жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысамыз, – деді Ұлттық ұлан 3656 әскери бөлімі авиациялық жасағының кеме командирі Құрманғали Топанов.

Кездесуде Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Еркін Ботақанов жеткізілген гуманитарлық жүктердің жалпы көлемі 55 тонна болғанын айтты. Сонымен қатар, апат аймағынан 8 жолаушы шығарылған.

Рәсімнің соңында әскери борышын абыроймен атқарып келген жауынгерлерге ведомство басшылығы қызметте табыс тіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама