Үкіметтің қаулысына сәйкес, қазір жалақы өсіп жатыр
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті.
«Құтқарушылар ақшалай сыйақы алмайды. Мен бұған дейін құтқарушылардың заңнамада белгіленген тәртіппен шетелдік іссапарлар аясында алатын қаражаты туралы айтқан болатынмын», - деп жауап берді Юрий Ильин БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бұл ретте министр ведомство қызметкерлерінің жалақысы өсетінін атап өтті.
«Үкіметтің қаулысына сәйкес, қазір бізде жалақы өсіп жатыр. Басшылық құрамның еңбекақысы төменгі мөлшермен өсетін болса, жалпы құрам қызметкерлерінің жалақысы бірден 70%-ға дейін ұлғаяды. Қызметкер алғашқы кезеңде шамамен 110 мың теңге алады. Енді олар 179-180 мың теңге көлемінде алады деп үміттенеміз», - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркияға барған құтқарушылардың бәріне министрлік бюджетінен ақшалай сыйақы төленетінін айтып еді.