Қос тарап адам құқығы мен виза мәселесін талқыға салады
Қазақстан прокурорлары жұмыс сапарымен Бельгияға барады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Биыл 9-10 наурызда Брюссель қаласында Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев бастаған қазақстандық делегация Қазақстан – Еуропалық одақ: адам құқықтары жөніндегі диалогтің 14-отырысына және сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің 20-отырысына қатысады», - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, қос тарап адам құқықтарын және азаматтық қоғамды қорғаудың ұлттық институттарын дамыту бойынша пікір алмасуға ниетті.
«Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелер жөніндегі кіші комитеттің отырысы барысында заң үстемдігін дамыту, сот жүйесін басқару және реформалау мәселесі де қаралады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шекараны басқару, оның ішінде Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы виза мәселелері, заңсыз көші-қонға қарсы іс-шаралар талқыланады», - деді ресми өкіл.