Halyq Uni логотип
×

Сенат маңызды заң жобаларын қарап жатыр

Мемлекет басшысы реформаларды қолдауға арналған заңнамалық қызметті жалғастыруды тапсырды

 Дастан Жұмабекұлы 06.03.2023 | 15:30
Сенат маңызды заң жобаларын қарап жатыр
фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесті.

Сенат төрағасы президентке жоғарғы палатаның заң шығару қызметі туралы айтып берді. Сенаттың Парламенттегі қызметі басталғаннан бері 21 заң мақұлданып, қабылданған. Оның ішінде еңбек дауларын шешу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрлық активтер, сондай-ақ Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қаралған.

Мәулен Әшімбаевтың мәліметі бойынша, қазір Сенатта мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген маңызды заң жобалары қаралып жатыр. Атап айтқанда, алдағы кезеңде 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды, Әлеуметтік кодексті, сондай-ақ әкімшілік реформа, адам құқықтары және азаптаулардың алдын алу, мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарастыру жоспарланып отыр.

Президентке палатаның сот жүйесін реформалау және процессуалды заңнаманы жетілдіру жұмыстары туралы ақпарат берілді. Сенатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жұмыс тобы құрылған. Бұл топ 60-тан аса отырыс өткізіп, 350-ге жуық ұсынысты жинаған. Аталған жұмыстың нәтижесінде екі заң жобасы әзірленді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кешенді дамыту жөніндегі реформаларды одан әрі қолдауға арналған заңнамалық қызметті жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама