Биыл бірқатар министрлікте аудит жүргізіледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованы қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу барысында мемлекет басшысына Жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған жұмыстары жөнінде есеп берілді.
2022 жылы барлығы 5 трлн теңге көлеміндегі бюджет қаржысы бойынша 124 нысанда 20 аудиторлық тексеріс жүргізілген.
Наталья Годунова Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары аудит органының осы жылға жоспарлаған аудиторлық және сараптамалық-талдау шаралары туралы мәлімет берді. Жылу энергетика кешенінде, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде және басқа да мекемелерде аудит жүргізу көзделіп отыр, - деп жазылған хабарламада.
Президент Жоғары аудиторлық палатаны одан әрі трансформациялау және мемлекеттік аудит жүйесін дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.