Сирия президенті Қазақстанға гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтты
Қиын-қыстау шақтағы көмекті Сирия халқы жоғары бағалайды
Cирия президенті Башар Әл-Асад мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының атына Сирия президентінен жеделхат түсті. Онда Башар Әл-Асад биыл ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына Қазақстанның көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтқаны жазылған.
Қиын-қыстау шақта бізге қолдау білдіріп, адамгершілік және ізгілік танытқан Қазақстанның ұстанымын Сирия халқы жоғары бағалайды, – деп жазылған жеделхатта.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сирияға 160 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жіберілетіні хабарланған болатын.
БАҚ-тың хабарлауынша, Сириядағы зілзала салдарынан 6 мыңға жуық адам көз жұмған.