×

Шаруалар мемлекеттен тегін жерді ала алмай жүр – «Атамекен» ҰКП

Заңдағы олқылықтар жемқорлық қаупін тудырады

 Дәурен Ерболат 06.03.2023 | 10:15
Фото: voxpopuli.kz

Қазақстанда шаруалар мемлекеттен тегін жерді ала алмай жүр. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан айтты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, жер «бармақбасты, көзқысты» әрекетпен беріліп жатыр. Оған себеп – заң нормасы реттелмеген.

Мұндай жағдайлар көп. Мысалы, ауыл әкімі «мен мына кәсіпкерді танимын, белсенді, жерді соған берейік» десе, жер сол адамға беріледі. Бұдан бөлек, шаруалар «таныс не жекжатсыз жер ала алмаймыз» деп шағымданады. Дәл қазір 3-4 кәсіпкердің жер алуға конкурсына құжатын реттеумен айналысып жатырмын. Оларға әкімдіктегілер «жердің иесі бар, босқа келіп жүрсің» деп тікелей айтады. Конкурс болмай жатып, иесі дайын тұрады. Себебі кәсіпкерлер бизнес-жоспарда кім көп ақша көрсетсе, жер соған берілетінін біледі. Талап сондай.

Олар солай барынша жоғары сома көрсетеді, жоғары ұпайды алады. Бірақ соңына келгенде жерді комиссия мүшелері береді. Осы конкурс – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «қисық қағидалары» арқылы жыл сайын шамамен 3-5 млн га жер шаруаларға беріледі», – деді Ернұр Әбжан.

Ауыл шаруашылығы министрлігі конкурстың қағидаларын өзгертуге кіріскен. Алайда бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік бермейді.

«Өткен апта «Атамекен» АШМ-ге конкурс қағидасының өзгерістерін келісуге жіберді... Біз ұсынған қосымша талаптар енгізілген, бірақ бәрі емес. Сондықтан әлі де олқылықтар бар. Мысалы, біз инвестиция құюдың мерзімін – қаржысын қанша жылда игеретінін көрсетуі керек деген талапты ұсындық. Осы және басқа да талаптар қағидаға енгізілмеген», – деп түйіндеді сөзін Ернұр Әбжан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама