×

Алматы облысында сап-сау келіншекті наркологиялық орталыққа жатқызып тастаған: оқиғаның мән-жайы анықталды

Талғар ауданы полициясының алдын ала мәліметі бойынша, бұған зардап шеккен әйелдің анасы тапсырыс берген.

 Халық үні 05.03.2023 | 20:38
Фото: stan.kz

Талғарда екі ер адам 1986 жылы туған әйелдің пәтеріне заңсыз кіріп, физикалық күш көрсетіп, ұрлап әкеткен. Оны Алматыға әкеліп, зорлықпен наркологиялық клиникаға жатқызған. 

Бұл туралы Талғар аудандық полиция басқармасы мәлім етті.

«2023 жылғы 27 ақпанда Талғар ауданының полиция басқармасына 1986 жылы туған әйел пәтеріне заңсыз кіріп, физикалық күш көрсетіп, ұрлап әкеткен, Алматыға әкеліп, зорлықпен наркологиялық клиникаға жатқызған бейтаныс адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз түсірді», - делінген хабарламада.

Талғар ауданы полициясының алдын ала мәліметі бойынша, бұған зардап шеккен әйелдің анасы тапсырыс берген.

«Тергеу нәтижесінде жоғарыда аталған әйелдің анасы күдікті ретінде анықталды. Ол қызын мәжбүрлеп емдемек болып, оны медициналық мекемеге жеткізу үшін екі ер адамды жалдаған», - деп хабарлады басқармадан.

Бұл іс Талғар полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі «Адам ұрлау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.                

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама