Мәжіліс төрағасы депутаттарға қазақ тілін үйрететін курстардың тиімділігі қаралатынын айтты
Жуырда Парламент депутаттарына қазақ тілін үйретуге 27 миллион теңге бөлінетіні жайлы ақпарат тарады.
Кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар қазірдің өзінде өз бетінше қазақ тілін үйреніп, курстарға қатысып жүргенін айтты.
«Депутаттар заң шығарады. Заң шығарудың тілі ерекше: терминдері бар, басқасы бар. Заңды қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде талқылауымыз керек. Ол үшін депутаттардың да біліктілігін арттыру керек. Депутаттар әр саладан келген, олардың бәрі заңгер емес. Менің ойымша, мұндай курстар (қазақ тілін үйрету) кезінде қажет болғандықтан қосылған. Біз әлі де қараймыз. Тиімділігі бар болса қалдырамыз, болмаса жауып тастаймыз», - деді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, қазір палатадағы әріптестерінің 80 пайызы қазақша түсініп, сөйлеп, ойын жеткізе алады. Ал, тағы да жетілдіру керек болса, әр депутат өз қаражатына тілді үйренуі керегін айтады.
«Үкіметтің жиналыстарының бәрі мемлекеттік тілде өтеді. Мәжілістің жалпы отырыстары, комитет отырыстарының 80-90 пайызы да мемлекеттік тілде өтеді. Менің ойымша, қазір белгілі межеге жеттік. Бірақ ары қарай да жүйелі түрде жетілдіру керек», - дейді депутат.
Ал, тағы бір Мәжіліс депутаты Айдос Сарым депутаттардың қазақ тілін меңгеруіне деп бөлінетін 27 миллион теңгенің аса көп қаражат еместігін айтады.
«Керемет шешен болып, Қазтуған жыраудың жырларын зерттеп кетсін демейміз. Бірақ кем дегенде алдына келген азаматпен сөйлесе алатын, біреу пікір айтып жатса, негізін түсінетіндей дәреже керек», - дейді Айдос Сарым.
Айта кетейік, Геннадий Шиповских, Снежанна Имашева, Наталья Дементьева секілді ұлты қазақ емес Мәжіліс депутаттары қазақша баяндама жасап, мемлекеттік тілде депутаттық сауал жолдап жүр.