×

«Азия балалары» ойындары: Қазақстан алтыншы орыннан көрінді

Еліміз 3 алтын, 5 күміс пен 6 қола медаль жеңіп алды

 Дастан Жұмабекұлы 04.03.2023 | 22:52
фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін Ресей Федерациясының Кемерево облысында қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары аяқталды. Бұл туралы Мәдение және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

Қысқы ойындардың ресми жабылу рәсімінде еліміздің көк байрағын шорт-трекші Мадияр Мадихов ұстап шықты. Ал халықаралық жарыстың туын түсіру рəсіміне чемпион ретінде Қазақстан атынан Мейіржан Төлеген қатысты.

Он күнге созылған кешенді жарыста Қазақстан 3 алтын, 5 күміс пен 6 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте алтыншы орын алды. Жалпы, Кузбасс өңірінде өткен Ойындарға 58 отандасымыз спорттың бес түрінен күш сынасты.

Илья Мизерных (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), Мейіржан Төлеген (шорт-трек)мен Варвара Глухова (конькимен жүгіру) чемпион атанды.

Мейіржан Төлеген (шорт-трек, 1500м), Илья Шильников (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада ерлер құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Мизерных пен Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру), спринтте ерлер құрамасы (конькимен жүгіру) күміс жүлдеге ие болды. Ал Мәлике Жолтабар (шорт-трек, 1500м), Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада қыздар құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Шильников пен Алёна Свериденко (шаңғымен тұғырдан секіру), Мадияр Мадихов (шорт-трек, 100м), шаңғы жарысындағы достық эстафетасында Арина Андрющенко («Спорт» құрамасында) қола жүлдені иеленді.

Жалпы есепте Ресейдің Сібір федералды округы бірінші орын алса, одан кейін Ресейдің Мәскеу облысы, Орал мен Қиыр шығыс федералды округының құрамасы жайғасты. Ойындар кезінде 57 медаль жиынтығы сарапқа салынды. «Азия балалары» ойындарына Қазақстан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Непал, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан мен Ресейдің Мәскеу облысының, Кузбасс өңірінің, Қиыр шығыс федералды округы, Сібір федералды округы мен Орал федералды округының құрамалары қатысты. Сондай-ақ, Башқұртстан, Саха мен Татарстан Республикасының командалары да бақ сынады.

Қазақстан 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарына спорттың 8 түрінен 74 спортшы апарған еді. Сол кезде еліміз жалпыкомандалық есепте 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен 11 құраманың ішінде алтыншы орыннан көрінген. Осылайша, еліміз екі жарыс қатарынан алтыншы орыннан аса алмады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама