Баланың қолы мен бетін күйік шалып, туыстарынан айырылған
Қарағандыда сегіз жасар оқушы Нұриден Амантай өртеніп жатқан үйден 2 жасар қарындасын құтқарып қалған. Олардың үйі толығымен отқа оранып, балалардың атасы мен әжесі күйіктен қайтыс болған, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл оқиға былтыр желтоқсанда болған. Бірақ кішкентай батыр бұл туралы қазір ғана айта алады. Баланың қолы мен бетін күйік шалып, туыстарынан айырылған.
«Өрт үйде мен, қарындасым, атам мен әжем болған кезде басталды. Пеш тұрған кіреберісте бірдеңе жарылып кетті. Біз ол уақытта ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем дәлізге не болғанын көру үшін шығып кетті, олар ұзақ уақыт оралмады. Содан кейін мен олардың артынан барып, пештің жанында өртеніп жатқанын көрдім, Мен дәлізден шығу мүмкін емес екенін түсіндім. Ас үйге жүгіріп барып, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секіргуге дайындалдым. Осы кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келіп, мен оларға қарындасымды беріп, өзім шықтым»,– дейді Нұриден.
Балалардың ата-әжесі сыртқа шыққан, бірақ денелерін 40 және 60 пайыз күйік шалған. Олар Нұриденмен бірге ауруханаға жатқызылды.
«Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Күйеуімнің ата-анасын жансақтау бөліміне, Нұриденді қарапайым палатаға жатқызды. Өкінішке орай, екі күннен кейін қайын атам қайтыс болды. Тағы екі аптадан кейін қайын енем қайтыс болды. Қазір біз күйеуіміздің туыстарында екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Олардың бес баласы бар», – дейді Нұриденнің анасы Надира Ақышова
Надираның жұбайымен бірге төрт баласы бар. Нұриден мен Рабиядан басқа 10 жасар ұлы мен 13 жасар қызы бар. Өрт кезінде олар мектепте болған. Қазір отбасы баспанаға мұқтаж.
Жуырда № 36 жалпы білім беретін мектептің үшінші сыныбында оқитын Нұриденге қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім келді. Ол оқушыға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдіріп, білім бөлімінің қызметкерлері атынан велосипед сыйлады.