Ақтөбеде 1 жасар баланың өліміне қатысты анасы тергеуге алынды
34 жастағы келіншектің шетінеген сәбиінен бөлек тағы үш баласы бар
Ақтөбеде бір жасар баланың өліміне қатысты анасы тергеліп жатыр. Тәртіп сақшылары бүлдіршіннің шетінеп кетуіне ішкілікке салынған келіншек кінәлі болуы мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Кәмелетке толмаған балаға қатысты сотмедицина сараптамасы тағайындалып, қорытындысы бойынша жүректен қайтыс болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша баланың анасына қатысты ҚК 140-бабы кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндетті орындамау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», – дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
34 жастағы келіншектің шетінеген сәбиінен бөлек тағы үш баласы бар. Оның екеуі балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Маскүнем әйел ана құқығынан айырылған. Қалған екі баласын екінші күйеуінен туып, әкесінің қамқорлығында болған. Алайда соның өзінде тойып тамақ ішпепті. Ашқұрсақ балаларды еріктілер байқап, сәбилер үйіне орналастырған. Бірақ қамқоршы кеңесіндегілер әкесінің үй-жайы бар деп, балаларды қайтарып берген. Кейін кішкентайы шетінеп кетті. Ал ішкілікке салынған әке-шешесі балаларын жерлеуге де асықпаған. Табытты тар бөлменің ортасына қойып, өздері арақтан ес жия алмаған. Төрт жасар Алеша бауырының табытын құшақтап жатыпты. Психологиялық соққы алған бала қазір оңалту орталығында.
«Чулкин Алексейді «Аяла» орталығына әкелді. Келген бойда жуындырып, тамағын бердік. Енді-енді ортасына үйреніп келеді. Өзін жақсы сезінеді. Қазір жағдайы жақсы», – дейді «Аяла» орталығының әлеуметтік педагогы Гүлнар Ысқақова.