Астанада төлқұжат пен жеке куәлік алу жеңілдейді
Жаңа технология уақыт үнемдеп, пара беру дерегін болдырмауға мүмкіндік береді
Елордадағы халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) арнайы терминал іске қосылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Автоматтандырылған терминал биометриялық жүйемен, фотосуретке түсіру функциясымен және арнайы интерфейспен жабдықталған. Оның көмегімен астаналықтар жеке куәлікке немесе төлқұжат алуға өз бетінше өтініш бере алады. Жаңа терминал қаладағы ХҚКО-да пилоттық режимде іске қосылды.
Жобаны Ішкі істер және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлесіп әзірледі.
Халыққа қызмет көрсету орталығында осындай жаңа 4 терминал жұмыс істейді. Оның қалай жұмыс істейтінімен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин танысты.
Жаңа технология мемлекеттік қызметтердің сапасы мен жылдамдығын арттырады, құжаттарды рәсімдеу мерзімін едәуір қысқартады, жемқорлық тәуекелін азайтады. Себебі барлық процесс ашық түрде жүргізіледі.
Терминалдың көмегімен тек өтініш беріп қана қоймай, дерекқордағы фотосурет бойынша жеке басты сәйкестендіріп, QR-коды арқылы төлем жасауға болады.
Ол үшін төмендегі бірнеше қадамды жасасаңыз жеткілікті:
- ЖСН және ұялы телефон нөмірін енгізу;
- Суретке түсіру және қол қою;
- Экрандағы QR-кодты пайдаланып, мемлекеттік бажды төлеу;
- SMS арқылы қалыптастырылған қолхат алу;
- Көші-қон қызметінің қызметкеріне өтінім нөмірін дайындау үшін көрсету.
Бұл ретте ұялы телефон нөміріңізді мобильді азаматтар базасына тіркеу қажет. Бірақ мұны өтінімді рәсімдеу кезінде де жасауға болады.