×

«Азия балалары» ойындары: Варвара Глухова алтын жүлде алды

Әзірше Қазақстан құрамасының қоржынында 12 медаль бар

 Дастан Жұмабекұлы 03.03.2023 | 17:33
фото: ашық дереккөз

Бүгін қысқы спорт түрлерінен Ресейдің Кемерово облысында өтіп жатқан ІІ «Азия балалары» ойындарында конькимен жүгіруден соңғы жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұған дейін медальға сынық сүйем қалғанда сүрініп келген қазақстандықтар бұл жолы 1 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алды.

Конькиші Варвара Глухова жеңімпаз атанса, командалық спринтте Денис Мезенцев, Михаил Бровко мен Михаил Матрюхин үштігі Сібір федералды округынан кейінгі екінші нәтиже көрсетті. Біздің құраманың көрсеткіші – 1:36.75 секунд. Олар жеңімпаздан 6 секунд қалып қойды. Үздік үштікті Беларусь түйіндеді.

Ал Варвара Глухова конькимен жүгіру жарысында дистанцияны 6 минут 11,61 секундта жүгіріп өтті. Күміс жүлде Беларусь өкілі Палина Севецке бұйырса, қола жүлдені ресейлік Екатерина Островская алды.

Варвара Глухова Кузбасс өңірінде жалауы желбіреген ойындарда жақсы нәтиже көрсетті. Ол 500 метр қашықтықта 5-орын, 1000 метр қашықтықта 7-орын, бір жарым мильде 9-орын, 3 шақырым қашықтықта 5-орын, ал командалық спринтте 4-орын және Масс-стартта 1-орын алды.

Қыздар арасындағы спринтте Қазақстан құрамасына сәл сәттілік жетіспеді. Айзада Рымбек, Варвара Глухова мен Екатерина Ларионова төртінші сатыға тұрақтады.

Осы уақытқа дейін Қазақстан құрамасының қоржынына 12 медаль түсті. Қазір құрамада 3 алтын, 4 күміс және 5 қола бар.

«Азия балалары» II қысқы ойындары 5 наурызда аяқталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама