×

Отандық кәсіпорындарды қолдауға 100 млрд теңге бөлінеді

Қарыздың ең төменгі сомасы – 1 млрд теңге

 Дәурен Ерболат 03.03.2023 | 17:25
Фото: ТАСС

Қазақстан Даму банкі экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға 100 млрд теңге бөледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржы экспорттық әлеуеті бар отандық кәсіпорындарға бөлінеді. Отандық өнімнің экспортын ұлғайту үшін банк жылдық мөлшерлемесі 8%-ға дейінгі бағдарламаны іске қосады.

Қаражат орта және жоғарғы шекті тауарлардың экспортын, яғни қосылған құны жоғары өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін қолдауға арналған. Қарыздың ең төменгі сомасы – 1 млрд теңге. Ол айналым капиталын толықтыруға, яғни шикізат пен материалдарды сатып алуға, сондай-ақ экспортталатын өнімді өндіруге байланысты шығыстарды төлеуге бағытталуы мүмкін. Қарыз мерзімі – қаржыландыруды ұзарту немесе бағдарламаларға қайта қатысу мүмкіндігімен 1 жылдан 3 жылға дейін, - деп жазылған банк таратқан хабарламада.

ҚДБ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, қаржы шетелдік нарыққа өнімін өткізетін немесе осы бағыттағы жұмысын жаңа бастаған орта кәсіпорындарға беріледі.

Біз бизнеске қолжетімді қаражат береміз. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қызметкерлердің жалақысын өсіру, экспорттық түсім көлемі және қазақстандық қамту үлесі сияқты міндеттер қойылады. Осылайша, біз өңдеуші кәсіпорындарға ғана емес, сондай-ақ ілеспе тауарлар мен қызметтердің отандық жеткізушілерін, яғни шағын және орта бизнесті де қолдай аламыз, - деп түсіндірді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, кәсіпорындарды қолдау бағдарламалары ұзақ мерзімді және өңдеуші өнеркәсіптің экспортталатын өнімінің көлемін өсіруге, саладағы жұмыс орындарын сақтауға және ұлғайтуға, бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламаға қатысуға өтінімді www.kdb.kz ресми сайты арқылы беруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама