×

Түркістан облысында минералды су өндіретін зауыт салынады

Оның жалпы құны 610 млн теңгені құрайды

 Динара Амантай 03.03.2023 | 14:40
Фото: ашық дереккөз

Келес ауданы Алпамыс батыр ауылдық округі аумағынан жалпы құны 610 млн теңгені құрайтын минералды су өндіретін зауыттың құрылысы басталады. Бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Аталған жобаны «Saryagash Alpamys» ЖШС іске асырмақ. Жоба іске асқан жағдайда 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Зауытта жылдық қуаттылығы 5,9 млн литр болатын су өндіру көзделген.

Бекітілген кестеге сәйкес, аудан басшысы Жәнібек Есенұлы Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді тыңдады. Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол елді мекенінде орналасқан «Дархан» шекара бекетінің бұрынғы ғимаратына қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, биыл мұнда спорт алаңы салынып, пайдалануға беріледі. Ауылдық округтің орталық көшелері жөнделіп, гүлзар құрылысы қатар жүреді. Қауыншы елді мекенінде жаңа 600 орындық мектеп салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Кездесуде тұрғындар суармалы жер, ағын су, мектепті күрделі жөндеуден өткізу, спорт алаңшаларын салу бойынша сұрақтар қойып, тиісті жауап алды. Кездесуден кейін аудан әкімі жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген мәселелерді шешуге салалық бөлімдер мен ауыл әкіміне тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама