Halyq Uni логотип
×

Алматыда заңсыз қару сақтаудың 150-ге жуық дерегі анықталды (ВИДЕО)

Заңды бұзып, қару сатқан жеке кәсіпкерлер анықталды

 Дәурен Ерболат 03.03.2023 | 12:26
Алматыда заңсыз қару сақтаудың 150-ге жуық дерегі анықталды (ВИДЕО)
Фото: dw.com

Алматыда полиция заңсыз қару сақтаудың 150-ге жуық дерегін анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.

Қалада «Қару» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қарумен жасалатын қылмысты болдырмау.

Заңсыз сақталған қаруды анықтау үшін 38 топ құрылды. Іс-шара барысында заңсыз қару сақтаудың 147 дерегі анықталды. Нәтижесінде 145 жеке және 2 заңды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 484-бабы және 486-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Асхат Құлбаев.

Оның айтуынша, 89 қару тәркіленген.

«Одан бөлек, заңсыз айналымнан 8 тіркелмеген қару, 1 жарылғыш зат, 549 мылтықтың патроны, 6 тегіс ұңғылы қарудың патроны, 10 травматикалық қарудың патроны, 5 суық қару, 2 граната тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 287-бабына сәйкес тіркелмеген тегіс ұңғылы, газ-травматикалық және газды қаруды заңсыз сақтау бойынша барлығы 11 қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады полиция басшысы.

Сондай-ақ полицейлер қаладағы сауда орындарын тексерген.

«Ялян» базарында пневматикалық мылтық пен электрошокерлерді сататын жеке кәсіпкерлер анықталды. Олардан заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Кәсіпкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деді Алматы қаласы ПД ӘПБ Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің басшысы Рахим Толокулов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама