×

Банкроттыққа өтінімді eGov.kz арқылы беруге болады

Тиісті ақпарат жеке кабинетке жіберіледі

 Дәурен Ерболат 03.03.2023 | 11:45
Фото: egov.kz

«Соттан тыс банкроттық процедураны қолдану» қызметі eGov.kz порталы мен eGov мобильді қосымшасында қолжетімді, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.

Бүгін күшіне енген «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында банкроттыққа өтінімді борышкердің өзі ғана бере алады.

Өтініш берер алдында борышкердің алдымен төмендегі мәліметтерді тексеруі керек:

  • Банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауға тиіс және мерзімі кемінде 12 ай болуы керек;
  • Ортақ меншікті мүлікті қоса алғанда, мүліктің меншік құқығында болмауы;
  • Банктің немесе микроқаржы ұйымының шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауабын ұсыну (банктің немесе микроқаржы ұйымының жауабы болмаған жағдайда, борышкер өтінішінің көшірмесі немесе өтініштің электрондық форматта жіберілгені туралы растама);
  • Қарыз 5 жылдан артық өтелмесе, онда аталған шарттың бірде-бірі ескерілмейді;
  • АӘК алушылары саналатын борышкерлер 6 ай бойы осы рәсімді қолдану үшін мерзімі өтіп кеткен уақытты есепке алмай, өтініш бере алады;
  • Мобильді азаматтар базасында (МАБ) борышкер мен жұбайының телефон нөмірінің тіркелгенін тексеру керек. Ұялы нөмірді тіркеу үшін my.egov.kz-ке сілтеме бойынша өту қажет.

eGov.kz порталында және Халыққа қызмет көрсету орталығында құжатсыз өтініш берудің мәні жоқ. Ең алдымен екінші деңгейлі банктерден қажет растауларды алыңыздар. Тек осыдан кейін жеке тұлғаның банкроттығына өтініш беруге болады, - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

eGov.kz порталындағы жаңа қызметті порталдың басты бетінде және «Азаматтарға» - «Кеден және салықтар» - «Экономика және қаржы» бөлімінен табуға болады. Аналогиялық қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасының «Арнайы қызметтер» бөлімінде қолжетімді.

Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін:

  • Жоғарыдағы заңғы сәйкес азаматты банкрот деп тану туралы соттан тыс арыз беру шарттарының сақталуын растау;
  • Некеде болса, жарының ЖСН-ін көрсету;
  • Несиелері бар қаржы институттары туралы мәліметтерді толтыру;
  • Салық органын көрсету және құжаттардың көшірмелерін қосу;
  • АӘК алушы болса, белгі қою;
  • Егер міндеттемелерді орындау мерзімі 5 жылдан асса, белгі қою;
  • Өтінішке бір реттік құпия сөз немесе ЭЦҚ арқылы қол қою;
  • Өтінішті жібергеннен кейін өтініш берушінің жары жеке кабинетте өтінішті мақұлдайды.

Қызмет нәтижесі 15 жұмыс күні ішінде жеке кабинетте хабарлама ретінде жіберіледі. Шешімді Қаржы министрлігінің сайтынан қарауға болады.

Соттан тыс банкроттық рәсімі 6 айға дейін созылады. Сондай-ақ бұл қызмет банкроттық туралы соттан тыс іс жүргізуді тоқтату туралы өтініш беруді қарастырады.

Берілген өтінім ақпарат жарияланған күннен бастап 6 айда қарастырылады.

Жаңа қызмет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қаржы министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.

Айта кетейік, заңға сәйкес банкроттық рәсімінің 3 түрі болады. Банкроттыққа сотталғандар да өтініш бере алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама