Астанада заңсыз салынған 76 тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылды

Динара Амантай

Оның ішінде 20 нысан бойынша сотқа демонтаждау бойынша талап арыздар беріледі

Фото: Halyq Uni

Астана қаласының аумағында рұқсат құжаттары жоқ 96 нысанның құрылысы жүргізілген. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, көппәтерлі тұрғын үй кешені нысандарын өз бетінше салу мәселесі жөніндегі жұмыс тобы заңсыз құрылыс салу фактілерін анықтап қана қоймай, рұқсат құжаттары жоқ құрылыс салушыларға жан-жақты көмек көрсетеді. Осылайша, 96 нысанның 20-сы құрылыс жүргізуіне қажетті рұқсат құжаттарын толықтай алды. Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың, Қазақстан құрылысшылар одағының және Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының өкілдері кіреді.

Қазір рұқсат құжаттарынсыз құрылысы жүріп жатқан 76 нысан анықталды. Олардың қатарында «Mars Project» ЖШС, «Aiz Kurylys» ЖШС, «Русалдинг Line» ЖШС, «Билдинг компани» ЖШС, «Expert Consulting Agency Kazakhstan» ЖШС, «Тауекел Инжиниринг» ЖШС, «Global Millennium» ЖШС, «Handan-Astana» ЖШС, «Oreol-Group» және т.б. бар.

Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізетін субъектілердің бәріне жұмысын тоқтату туралы нұсқама берілді әрі олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тиісті жер құқығынсыз құрылысы жүріп жатқан 20 нысан бойынша сот органдарына демонтаждау бойынша талап арыздар берілетін болады.

Көппәтерлі тұрғын үй кешендері құрылысының жаңа нысандарының рұқсат құжаттарынсыз жүріп жатқаны анықталар болса, бұл нысандар өз бетінше салынып жатқан құрылыс деп танылып, бұзылатын болады.

Сондай-ақ қалада «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау бойынша бірқатар түйткілді мәселе бар. Сонымен қатар, қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің ақшасын қабылдауға хақысы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланып тұрады.

Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын мынадай жағдайларда ғана қабылдай алады:
1) тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
2) Екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
3) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.