Украинада 2 млн бала босқынға айналды - ЮНИСЕФ
Украинадағы босқындардың тең жартысы - кәмелет жасқа толмағандар
Украинадағы балалардың 60 пайызы бомбалау мен атқылаудан аман қалу үшін үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 2 миллионы басқа елдерді паналаса, тағы 2,5 миллионы ел ішін (Украина) кезіп кетті.
ЮНИСЕФ атқарушы директоры Кэтрин Расселдің мәлімдеуінше, Украинадағы жағдай ушығып, өз үйін тастауға мәжбүр болған балалардың қатары көбейіп келеді. Олардың әрқайсы білім алу, қауіпсіздік жағынан қолдауға мұқтаж.
Ұйымның мәліметінше, Украинадағы босқындардың тең жартысы – кәмелет жасқа толмаған балалар. Олардың 1,1 миллионы Польшаны, қалғандары Румыния, Молдова, Венгрия, Словакия және Чехия елдерін паналаған.
Румыния, Молдова және Словакияда балалары бар украиналық отбасыларға қатысты қолдау орталықтары ашылған.
БҰҰ балалар қорының мәліметі бойынша, Украинаның өз ішінде қоныс аударған кәмелет жасқа толмаған балалардың саны - 2,5 млн. БҰҰ адам құқықтары жөніндегі басқармасының мәліметінше, қақтығыс кезінде жүзден астам бала қаза тауып, тағы 134 бала жарақат алған.