Жарысқа 41 елден 500 спортшы қатысады
4-12 наурыз күндері Щучье қаласында биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) президенті Олле Далинмен кездесіп, чемпионатты өткізуді талқылады.
Кездесуде министр шетелдік қонаққа елімізге көрсеткен сенімі үшін алғыс айтты.
Әлем чемпионатының жақсы болатынына күмәнім жоқ. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Әлем чемпионаты - еліміздің спорты үшін маңызды оқиға. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр, – деді Асхат Оралов.
Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) президенті министрге биатлонды танымал ету тәжірибесін айтты. Сондай-ақ ол Текелі қаласында жаңа шаңғы - биатлон кешенін салу мәселесінде кеңес беріп, қолдау көрсетуге дайын екенін ескертті.
Әлем чемпионатына 41 елден 500 спортшы қатысады. Олардың арасында Швеция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Норвегия, Австрия, Канада, Швейцария, Жапония мен басқа да елдердің биатлоншылары бар.
Кеше кешкісін Бурабай өңірінде жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында биатлоннан әлем чемпионатының ашылуы өтті.
Оған Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) жаңа президенті Олле Далин қатысты.
Әлемдік доданың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз сөйлеген Сәрсен Құранбек жарыс жолына шыққан жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың толық кестесі мынадай:
4 наурыз – аралас эстафета ( жеткіншектер, жасөспірімдер), 5 наурыз – жекелей сын (жасөспірімдер), 6 наурыз – жекелей сын (жеткіншектер), 7 наурыз – эстафета (жасөспірімдер), 8 наурыз – (жеткіншектер), 9 наурыз – ресми жаттығулар ( жеткіншектер, жасөспірімдер), 10 наурыз – спринт (жасөспірімдер), 11 наурыз – спринт (жеткіншектер), 12 наурыз – із қуалау жарысы (жеткіншектер, жасөспірімдер).