5 қант зауыты, 20 жер учаскесі, 70 жылжымайтын мүлік, 40 автокөлік. Күдіктілердің осынша мүлкі анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігі «Delta Bank» АҚ топ-менеджерлеріне қатысты тергеуді аяқтады.
«Forbes журналының тұжырымы бойынша Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендер рейтингіне кіретін Н.С.Тілеубаевтың 2012-2017 жылдар аралығында банк ақшасын қайтарылмайтын несие беру жолымен жымқырғаны анықталды», – деді ҚМА-ның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Салтанат Көшербаева.
Тергеу барысында күдіктілер мен олардың жақын туыстарының мүлкіне бұғат қойылды. Мүлік құны 48 млрд теңгеден асады және олар 5 қант зауыты, 20-дан астам жер учаскесі, 70 жылжымайтын мүлік, 40 автокөліктен тұрады.
Бұған қоса БАӘ, Ресей, Латвия, Чехиядағы активтері бұғатталды, – делінген ақпаратта.
Қылмыстан келген залал 200 млрд теңге, 200 млн доллар, 4 млн еуроны құрады.
«Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды. Іс бойынша айыпталушылар қамауға алынды», – дейді қаржылық мониторинг агенттігі.