×

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушыларды бақылауға арналған платформа әзірленді

Бұрын геологиялық есептерді зерттеуден бастап барлық процес қағаз жүзінде жүргізілетін

 Динара Амантай 02.03.2023 | 17:31
Фото: bugin.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қатысуымен «Minerals.gov.kz» жер қойнауын пайдалану платформасы әзірленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ақпараттық жүйе геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, лицензиялық учаскелерді бөлуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі мен қызметінің мониторингін қалыптастыруға арналған.

Бұрын геологиялық есептерді зерттеуден бастап лицензия алуға және жыл сайынғы есептерді ұсынуға дейінгі барлық процес қағаз жүзінде жүргізілген. Сонымен қатар, тексеру үшін деректердің жеткіліксіздігіне байланысты көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қателіктер болатын. Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады. Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, онлайн қабылдаумен қатар, тіпті қағаз түрінде берілген өтінімдер де тіркелетін болады. Осылайша, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Қазір жаңа функцияларды әзірлеу және 2023 жылғы мамырда жоспарланған өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындық бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, жер қойнауын пайдаланушыларды оқыту және платформа жұмысын көрсету жүргізіліп жатыр. Бұл ретте, әзірлеушілер сервистерді одан әрі дамытуда ескерілетін функционалды жақсарту және дамыту жөнінде ұсыныстар жинауды жүзеге асырады.

Платформаның автоматтандырылған құралдары табиғатты пайдалану қақтығыстарын бірден көрсетеді. Пайдаланушылардың заңнамаға сәйкес барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген немесе тыйым салынған учаскелерді бір терезе арқылы қарауға және таңдауға мүмкіндігі болады.

Платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелген. Биыл кем дегенде 24 мың есепті зерделеу картасын толықтыру жоспарланып жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуын мониторингілеу бойынша жаңа функциялар әзірленетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама