Әлемдік Гран-При: Қазақстан алтын медаль жеңіп алды
Равиль Мансұрбаев ядроны 14,43 метрге лақтырып, бірінші орыннан көрінді
Равиль Мансұрбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жеңіл атлетикадан мүгедек спортшылар арасында өткен әлемдік Гран-При сериясының F-46 класында ядро лақтырудан жеңімпаз атанды.
Қазақстан спортшысы ядроны 14,43 метрге лақтырып, бірінші орыннан көрінді. Ал қытайлық Уей Енлонг ядроны 14,28 метрге түсіріп, екінші орын иеленсе, 13,39 метрге ядро лақтырған кувейттік спортшы Алсалах Абдуллах үшінші орынды қанағат тұтты.
Жарыста қазақстандық спортшылар осымен үш медальді иеленіп отыр.
Бұған дейін найза лақтырудан Руфат Хабибуллин алтын медальді жеңіп алса, ядро лақтырудан Дастан Мұқашбеков Гран-Придің күміс жүлдегері атанған еді.
Пара жеңіл атлетикадан әлемдік Гран-При сериясы Дубай қаласында 26 ақпан мен 1 наурыз аралығында өтті. Оған әлемнің 61 мемлекетінен 545 спортшы қатысты.