Экс-депутаттың ұлы біраз жыл бұрын Қазақстан полициясы қатарынан шығып, Ресейге көшіп кеткен
Мәжілістің төртінші шақырылым депутаты болған Сәмиғолла Оразовтың ұлы Ресей мүддесі үшін Украинада соғысып жүр. Бұл туралы оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров әлеуметтік желіде жазды.
Ол бұрын Орал қаласын ұзақ жылдар бойы басқарып, кейін Мәжіліс депутаты болған Сәмиғолла Оразовтың ұлы жат елде соғысып жүргенін мәлімдеді.
«Орал қаласының бұрынғы әкімі және ҚР Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Сәмиғолла Оразовтың 45 жастағы ұлы Бауыржан Ресей басқыншыларымен бірге Украинада соғысып жүр. Бауыржан Оразов бұрын Орал қаласындағы есірткіге қарсы күрес бөлімінде қызмет атқарған. Онымен бірге істеген әріптестерінің айтуынша, Ресей әскерінің киімін киген қазақстандық шенеуніктің ұлы. Бауыржан біраз жыл бұрын Қазақстан полициясы қатарынан шығып, Ресейге көшіп кеткен», – деп жазды Лұқпан Ахмедияров.
Журналист суретті Украина қарулы күштерінің әскерилеріне көрсеткенде олар Бауыржан Оразовтың басқыншылар жағында екенін, ДХР деп аталатын армияның еріктілері құрамында әскери іс-қимылдарға қатысатынын айтқан. Бұл сурет аталған жағдайға толық дәлел бола алады.