18 мыңнан аса қазақстандық әскерге шақырылады
Әскерге шақыру комиссиялары жұмыс істеуді бастады
Бүгіннен бастап әскерге шақыру басталды. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы Бауыржан Артықов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін, 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдардың 195 әскерге шақыру пунктінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын бастайды. Оған әкімдердің орынбасарлары басшылық етеді. Биыл 12 шілдеге дейін Қарулы күштердің басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарының қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ 18-27 жас аралығындағы 18 мыңнан аса ер адам толықтырады. Оның ішінде Қарулы күштерді 7 мыңнан аса, Ұлттық ұланды 6 мыңнан аса, ҰҚК Шекара қызметін 3 мыңнан аса, Төтенше жағдайлар министрлігін 3 мыңнан аса, Мемлекеттік күзет қызметін 80-нен аса адам толықтырады, - деді Бауыржан Артықов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару заңға сәйкес жүргізілетінін атап өтті.
«Әскерге шақырылуға тиісті ер адамдарды хабардар ету дербес шақыру қағазын жолдау арқылы жүргізіледі. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі. Бұл ретте осы процесті автоматтандыру үшін 2021 жылдан бастап әскерге шақырушыларға SMS-хабарлама жіберіліп жатыр», - деді ол.