×

Елімізде дәріханалардағы бағаны реттеу саясаты өзгерді

2026 жылға қарай МКТМК және МӘМС шеңберінде сатып алынатын дәрілердің ғана бағасы реттелетін болады

 Динара Амантай 01.03.2023 | 17:01
Фото: elana.kz

Биылдан бастап елімізде дәріханаларда сатылатын дәрілік заттардың 376 атауының бағалары реттелмейтін болды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілі – Қаржы нарықтары және өзге салалар департаментінің директоры Мира Тұяқбаева XIV Халықаралық еуразиялық фармацевтикалық форумда мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 10 қаңтардан бастап бағалары реттелмейтін дәрілердің ішіне гомеопатиялық препараттар, ББҚ, витаминдер және күрделі емес ауруларды емдеуге арналған дәрілер кіреді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың соңында коронавирус пандемиясы кезінде Денсаулық сақтау министрлігі мен БҚДА алдына фармацевтикалық нарыққа қатысушылардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерінің жолын кесе отырып, дәрілік заттарға бағаларды теңгерімді реттеу міндеті қойылған болатын.

Дәрілік заттар бағаларын реттеуді жетілдіру жұмыстары шеңберінде жүргізіліп жатқан жүйелі шаралар ретінде 2022 жылғы қаңтарда нарықты ырықтандыру үшін қажет «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағаны реттеуге жататын дәрілік заттар тізбесінің жобасын қалыптастыру және бекіту тәртібі бөлігінде өзгерістер енгізілді.

БҚДА бәсекелестік баға белгілеуді құптайды. Сондықтан біз кезең-кезеңмен қайта реттеуге бастамашылық жасадық. Бірақ фармацевтикалық нарықтың әлеуметтік маңызын есекере келе, бәсекелестіктің даму деңгейін, дженериктердің болуын және т.б. назарға ала отырып, бұл мәселені кешенді түрде қарау қажет, - деп атап өтті Мира Тұяқбаева.

Қазақстан Республикасында бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде БҚДА Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, денсаулық сақтау саласында, дәрілік заттарды тасымалдау және сақтау нарығында бәсекелестікті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын (Жол карталарын) бекітті.

Биыл БҚДА Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қайта реттеудің бірінші кезеңін бастады. Екінші кезең 2023-2024 жылдарға жоспарланып отыр. Бұл коммерциялық сегменттегі барлық қалған рецептісіз препараттар (2023 жылғы 1-тоқсанда ДЗ өлшемшарттарын айқындау жоспарланған) және қорытынды кезеңде 2024-2025 жылдар – коммерциялық сегменттергі рецептісі бар препараттарды қайта реттеуді білдіреді.

2026 жылға қарай МКТМК және МӘМС шеңберінде сатып алынатын ДЗ ғана мемлекеттік бағалық реттеуді қалдыру жоспарланып отыр, бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді. Қазақстан – барлық препараттарға бағаларды реттейтін жалғыз ел. Егер ЕАЭО бойынша басқа серіктестермен салыстырсақ, Белорусияда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге қолданылатын препараттар ғана, Қырғызстанда – COVID 19 емдеуге арналған препараттар, Ресейде өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер ғана реттеледі, Арменияда мемлекеттік реттеу жоқ.

Сонымен бірге, бірқатар проблемалық мәселелер бар.

Шекті бағаларды қалыптастыру рәсімі мемлекеттік органдар үшін де, бизнес үшін де ашық емес. Қолданыстағы бағаларды реттеудің құқықтық алаңы өндірушіден сатып алу бағасын және референттік елдердегі бағаларды да тексеруге, тиісті деректер базасы болмағандықтан өндірушінің тіркелетін бағасының объективтілігін айқындауға мүмкіндік бермейді - деп атап өтті Мира Тұяқбаева

Екінші тараптан, бизнес өкілдері шекті бағаларды бекіту мерзімі, дәрілік заттарға шекті бағаларды қате қалыптастыру, жаңа препараттарға бағаларды бастапқы тіркеудің ұзақ мерзімі бойынша мәселелерді көтеріп отыр. Осының бәрі нарыққа препаратардың шығуын тежейді, шығындардың ұлғаюына әкеледі.

«Осы мәселелерді Іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде реттеу жоспарланған, онда дәрілік заттардың нарыққа кіруінің бизнес-процестерін оңтайландыру, цифрландыру және интеграциялау, баға белгілеу әдіснамасын халықаралық тәжірибені ескере отырып жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою және т.б. көзделген», - деп қорытындылады сөзін Мира Тұяқбаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама