Ол зияткерлік ойынды дамыту тұжырымдамасын таныстырып, алдағы жоспарларын айтты
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Даби қаласында өтіп жатқан Азия шахмат федерациясының (ACF) саммитінде белгілі гроссмейстер, Қазақстан шахмат ұйымы президентінің бірінші орынбасары Дәрмен Сәдуақасов Азия шахмат федерациясының вице-президенті болып сайланды.
Бүгінде ACF құрамына 54 елдің шахмат федерациясы кіреді. Оның ішінде Қазақстан шахмат федерациясы да бар.
Сайлауда Азия шахмат федерациясының мүшелері кеңесе отырып, Дәрмен Сәдуақасовты бірауыздан ACF вице-президенті етіп сайлады. Азия шахмат үйымының жаңа сайланған вице-президентінің айтуынша, соңғы кезде еліміздің шахматшылары өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер, қыздар құрамасы өте мықты. Сондай-ақ елімізде ірі чемпионаттар өткізіле бастады.
Осы сәтті пайдалана отырып, Freedom Finance Global пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа әлемдік шахмат турнирлерін ұйымдастыру мүмкіндігі үшін алғыс айтамын. Бұл іс-шаралар елімізде балалар шахматының дамуына үлкен серпін беріп, зияткерлік ойынды өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға жағдай жасайды, – деді Дәрмен Сәдуақасов.
Саммитте федерацияның бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов елімізде шахматты дамыту тұжырымдамасын таныстырып, алдағы жоспарларын айтты. Ол форум аясында Қытай, Үндістан, Орталық Азия елдері федерацияларының басшылығымен және шейх Сұлтан бин Халифа Әл Нахянмен кездесті.