Ресейдің соғыста қираған танктері шетелдегі елшіліктері алдына қойылды
Әскери техникалар Германия, Латвия мен Литвадағы дипломатиялық мекемелердің жанында тұр
Ресейдің Украинада қираған танктері РФ-ның Еуропадағы шетелдік елшілері ғимараттарының алдарына қойылып жатыр. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Қазір Ресейдің Берлиндегі елшілігі алдында Ресей Қарулы күштерінің Украинада жойылған Т-72 танкісінің қаңқасы пайда болды. Акция инициаторларының Deutsche Welle тілшісіне берген жауаптарында бұл танктың былтыр көктемде Киев түбіндегі Дмитровка селосына жақын жерде соққыдан қирағаны айтылған.
Қираған танк – күйреудің белгісі. Украина енді Путиннің Сталинграды атанады, – деді «Берлин бункері» музейінің кураторы Виланд Гибель Ресей әскерлерінің Украинадағы жағдайын Екінші дүниежүзілік соғыстағы нацистік армиямен салыстыра отырып.
Ол танктің Германияға Украина Қорғаныс министрлігі мен Украина ұлттық әскери-тарихи музейінің өзара келісімдері арқылы берілгенін жеткізді.
Т-72 танкісі Берлиндегі Шадовштрассе көшесі мен Унтер-ден-Линден бульварының қиылысқан жеріне орналасқан. Енді ол алдағы дүйсенбіге дейін осында тұрады.
2022 жылдың маусым айында белсенділер танкті елшілік алдына қоюға әрекет жасаған еді. Олар осыған орай Берлиннің Митте ауданының әкімшілігіне өтініш білдірген. Онда билік қираған техниканы «төрге» қоюдың ыңғайсыз екенін алға тартқан.
Тағы бір қираған Т-72 танкі Ресейдің Латвиядағы елшілігі үйінің алдындағы Кронвалд паркінде үш күн тұрады. Ол да 2022 жылы наурызда Бучада соққыдан қираған.
Ресейдің үшінші қираған танкі Литваның астанасы – Вильнюстегі Кафедра алаңында 16 наурызға дейін тұрады. Қорғаныс министрі Арвидас Аншаускастың айтуынша, Ресей танктерінің бәрі осылай украин трофейлеріне айналдырылуға тиіс.