«Азия балалары» ойындары: Мейіржан Төлеген алтын жүлде алды
Шорт-трекшілер жарыстан 6 медаль алып қайтты
Еліміздің шорт-тректен құрама командасы Ресейдің Кемерово облысында өтіп жатқан «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарын табысты аяқтады.
Бүгін 1000 метрге жарыста Мейіржан Төлеген чемпион атанса, Мадияр Мадихов қола жүлде иеленді. Финалда өнер көрсеткен Əліби Əлімгереев пен Ерасыл Шыңғысхан төртінші жəне бесінші орыннан көрінді.
Шорт-тректен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Данабек Хайров шəкірттерінің нəтижесін жақсы деп бағалап, команданың соңғы күні алтын медаль алуға барын салғанын айтты.
Соңғы күні алтын медаль алуға барымызды салдық. Бізге жетпей тұрғаны сол ғана еді. Жалпы еншімізде 6 жүлде бар. Меніңше, барлық спортшы жақсы өнер көрсетті. Əрқайсысы кем дегенде елге бір жүлдемен оралады. 2019 жылғы алғашқы ойындарда 1 алтын, 1 күміске ие болғанбыз. Осы жолы сол көрсеткішті жақсартқанымызға қуаныштымын, – деді ол Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Осыған дейін «Азия балалары» ойындарында шорт-трекшілер 4т жүлде жеңіп алған еді. Алғашқы күні 1500 метрге арналған сында Мейіржан Төлеген күміс, Мәлике Жолтабар қола жүлдегер атанды. Ал кеше 3 шақырым эстафетада ұлдар құрамасы мəреге екінші, қыздар үшінші болып жеткен.