Жалпы, мыңға жуық адам тиісті жерге жете алмаған
Павлодар облысында 200-ден аса көлік жолда тұрып қалды, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр.
Өңірдегі басқарманың мәліметінше, Екібастұзға қарай баратын жолдағы Ленин кентіндегі уақытша блок бекетте 12 автобус, 30 жүк және 90 автомобиль тұрып қалған. Барлығы 820 адам бар. Оның 70-сі – бала. Ленин кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жылыту пункті жұмыс істеп тұр.
Ақмола облысына қарай баратын жолдағы Шідерті кентінде 45 жүк көлігі және 20 жеңіл көлік тұр. Онда 105 адам бар. Оның 10-ы – бала. Бүгінде жылыту пунктінде адамдар жоқ.
Павлодар қаласына баратын жолдағы Шідерті кентінде де 5 жүк көлігі мен 8 жеңіл көлік тоқтап қалған. Оларда 31 адам бар. Олар үшін кенттегі №7 және №33 мектептен 2 жылыту пункті ашылды.
Бүгінде республикалық маңызы бар 7, облыстық маңызы бар 8 жолда көлік қозғалысына шектеу қойылған.
Бүгін «Қазгидромет» РМК Павлодар облысында ауа райына байланысты ескерту жариялады. Өңірдің солтүстік жартысында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Облыстың басым бөлігінде оңтүстік-батыстан жел соғып, оның жылдамдығы секундына 15-20 метрге, батыста 23 м/с-ке жетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадан шығатын барлық жол жабылған.