Олар жарыстан 7 алтын, 4 күміс және 5 қола – барлығы 16 медаль алып қайтты
26 ақпан күні Болгария астанасы София қаласында Странджа кубогы үшін өткен халықаралық турнирде Өзбекстан боксы тағы бір жетістікке жетті.
Gazeta.uz сайтының хабарлауынша, кеше Ташкент әуежайында спорт функционерлер мен қала жұртшылығы өзбек елінің мерейін көтеріп қайтқан боксшыларын күтіп алған.
Соңғы кездері «кіші әлем чемпионаты» деген жанама атауға ие болып жүрген халықаралық турнирге Өзбекстан ерлер құрамасы 27 боксшыдан тұратын үш құрам алып барды. Нәтижесінде олар жарыстан 7 алтын, 4 күміс және 5 қола – барлығы 16 медаль алып қайтты. Бұдан басқа, әйелдер құрамасы елдің ортақ қоржынына 1 күміс, 1 қола медаль қосты.
Осылайша, өзбек жігіттері жалпы командалық есепте 1-орынды талассыз жеңіп алды. 2-орынға 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алған алаң иелері – Болгария командасы орналасты. 3-орын 1 алтын, 2 қола медаль алған АҚШ құрамасына бұйырды. 4-орынға – Бразилия, 5-орынға – Армения, 6-орынға Үндістан жайғасты. Ал Қазақстан жасағы 1 күміс, 1 қола медаль жинап, Түркия және Италия тарландарымен бірге 7-9-орындарды бөлісті.
Бір қызығы, турнирде 4 жекпе-жек өткізуге тиісті болған аса ауыр салмақтағы өзбек Баходир Жалолов бір ғана ашық шайқаспен алтын медаль алды. Ол 1/8 финалда АҚШ өкілі Жошуа Эдвардсты 5:0 есебімен ұтты. Одан кейін ширек финалда Қамшыбек Қоңқабаев, жартылай финалда әзербайжандық лезгин Махаммад Абдуллаев, ал финалда армян Давит Чалоян онымен кездесуге шығудан бас тартты.
Биыл 74-ші рет өткізілген турнирге 42 елден 450 былғары қолғап шебері қатысты.
Турнир 20 ақпанда басталып, 26-сы күні аяқталды.
Жүлдегерлер тізімі:
48 кг: 1. Шодиержон Меликузиев (Өзбекстан), 2. Сахани Кумир (Үндістан), 3. Ергунал Себантин (Болгария), Лука Кублашвили (Грузия);
51 кг. 1. Хасанбой Дусматов (Өзбекстан), 2. Рамон Никанор Курога (Аргентина), 3. Жиамао Занг (Қытай), Бишвамитра Чонтхам (Үндістан);
54 кг. 1. Ясен Радев (Болгария), 2. Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан), 3. Сачин (Үндістан), Федерико Серра (Италия);
57 кг. 1. Жабьер Диас (Болгария), 2. Оразбек Асылқұлов (Қазақстан), 3. Чифтчи Батухан (Түркия), Артур Базеян (Армения);
60 кг. 1. Радослав Росенов (Болгария), 2. Абдхамжон Мухиддинов (Өзбекстан), 3. Шункор Абдурасулов (Өзбекстан), Дилшод Абдумуродов (Өзбекстан);
63,5 кг. 1. Мужибилло Турсунов (Өзбекстан), 2. Руслан Абдуллаев (Өзбекстан), 3. Макс МакЛери (Австралия), Эмилио Гарсия (АҚШ);
67 кг. 1. Асадхуджа Муйдинхуджаев (Өзбекстан), 2. Бекзод Хамидов (Өзбекстан), 3. Гурген Мадоян (Армения), Себастьян Тертерян (Дания);
71 кг. 1. Саиджамшид Жафаров (Өзбекстан), 2. Ердемир Тугрулхан (Түркия), 3. Николай Тертерян (Дания), Нурислом Исмоилов (Өзбекстан);
75 кг. 1. Рами Киван (Болгария), 2. Вильям Чолов (Болгария), 3. Нұрқанат Райыс (Қазақстан), Хавасбек Асадуллаев (Өзбекстан);
80 кг. 1. Робби Гонсалес (АҚШ), 2. Амбарцум Акопян (Армения), 3. Жасурбек Юлдашев (Өзбекстан), Келин Кассида (Ирландия);
86 кг. 1. Шахжахон Абдуллаев (Өзбекстан), 2. Винченцо Лиззи (Италия), 3. Георгий Кушиташвили (Грузия), Томас Ниедзиевски (Польша);
92 кг. 1. Кено Мачадо (Бразилия), 2. Жулио Кастильо (Эквадор), 3. Вагкан Нанитзанян (Грекия), Джеймер Тилли (АҚШ);
+92 кг. 1. Баходир Жалолов (Өзбекстан), 2. Давит Чалоян (Армения), 3. Махаммад Абдуллаев (Әзербайжан), Абнер Жуниор (Бразилия).