Ресей шахматшылары Азия федерациясының құрамына кірді
Қорытындыда ұйымға қабылдауды 29 делегат қолдады
Ресей шахмат федерациясы Еуропадан шығып, Азия федерациясы құрамына қабылданды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Біріккен Араб Әмірлігінің астанасында өткен Азия шахмат федерациясы (ACF) бас ассамблеясының делегаттары Ресей шахмат федерациясын ұйым құрамына қабылдау үшін дауыс берді.
Қорытындыда Ресей шахмат ұйымын қабылдауды 29 делегат қолдады. 1 адам қарсы шығып, 6 қатысушы қалыс қалды.
Ресей шахмат федерациясының бақылау комитеті ұйымның ACF-ке өтуі жөніндегі шешімін 2022 жылғы 14 сәуірде қабылдады. Ал биылғы 22 ақпанда Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Ресей ұйымының Азия федерациясы құрамына өту жөніндегі шешімін мақұлдады.
FIDE 22 ақпанда Ресей және Беларусь спортшыларын бейтарап мәртебемен халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат беріп, Украинадағы соғысқа байланысты бұл екі елде ресми шахмат жарыстарының өткізілмейтінін хабарлады. Алайда 16 наурызда FIDE кеңесі Ресей мен Беларусь құрамаларына өз ұйымының аясында өтетін жарыстарға қатысуға тыйым салды.