Halyq Uni логотип
×

Үйінен ашуланып шығып кеткен 8 жастағы қыз тас жол бойынан табылды

Қызының үйде болмағанын ата-анасы білмеген

 Халық үні 01.03.2023 | 08:21
Үйінен ашуланып шығып кеткен 8 жастағы қыз тас жол бойынан табылды
фото: astana.tv

Павлодар-Успен тас жолында Павлодар облысының полиция қызметкерлері жылап жүрген қызды көрді. Белгілі болғандай, ол үйінен шығып, Павлодарға қарай бет алған, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz порталы.

ІІМ ақпаратынша, 27 ақпан күні сағат 21.20-де полицейлер Болат Жұмашев пен Бағдат Сауытов Павлодар-Успен тас жолында патрульдік қызмет атқарған.

«82 километрден жүріп өткеннен кейін жол бойында жалғыз өзі келе жатқан қызды байқадық. Тоқтадық, қыз жылап келе жатыр екен. Біз оны жұбатып, жылыту үшін көлікке отырғыздық. Қыздың жасы 8-де, ата-анасымен Успен ауылында тұратынын білдік. Мән-жайды толығырақ анықтау үшін кәмелетке толмаған бала Успен ауданының полиция бөліміне жеткізілді», - дейді Павлодар облысы бойынша ІІБ патрульдік полиция ротасының инспекторы Болат Жұмашев.

ІІМ мәліметінше, бүлдіршін полицияға кешке үй тапсырмасын орындағанын айтқан. Қадағалау кезінде ата-анасы оған тапсырманың дұрыс орындалмағаны туралы ескерту жасаған.

«Кейін анасы қызына көшеге шығып, таза ауа жұтып кетуге кеңес берген. Ата-анасына ренжіген қыз бала үйінен шығып, Павлодарға қарай бет алған. Қызының үйде болмағанын ата-анасы білмеген. Ата-анасы қыздың үйден кетіп қалғанын полицейлер телефон соққанда ғана білген»,- делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары осы дерек бойынша ата-анамен алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанбауы үшін профилактикалық әңгіме жүргізді. Заңды өкілдерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралатын кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолдау үшін материал жиналды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама