Болгарияда Украинаға снаряд беру үшін ескі зауыт іске қосылады
Костенц қаласының тұрғындары қосымша жұмыс үшін қуанып жатыр
Болгария Украинаға снарядтар жеткізіп тұру үшін 35 жылдан бері жұмыс істемей, тоқтап тұрған зауытын қайтадан іске қосатын болды.
Костенц қаласында орналасқан «Терем» зауыты 1988 жылы әлемде қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін өз өндірісін тоқтатқан еді. Енді Болгария Украинаға соғысқа қажетті снарядтарды дер кезінде молынан жеткізіп беріп тұру үшін сол зауытты қайта іске қосуға мүдделі болып отыр.
«Терем» зауытында кезінде, 1989 жылы соңғы снаряд шыққанша 122 миллиметрлік оқ-дәрілер дайындалып тұрған екен.
The New York Times газетінің хабарлауынша, Костенц қаласының тұрғындары бұл жаңалықты жақсы қабылдаған. Мұның өзі, біріншіден, онсыз да тұрмыстары ауыр болгар жұртының қосымша жұмыс орнын табуларына жол ашса, екіншіден, Украина армиясының жауды ел территориясынан тезірек қуып шығуына жәрдемдеседі.
Сонымен, бір мезгілде Сопот қаласындағы снарядтар өндіретін зауыт украин армиясының мұқтаждықтарын өтеу үшін 6 күндік жұмыс кестесіне көшіп кетті.
Болгария Үкіметі өткен жылдың желтоқсан айында Украинаға атыс қарулары мен оқ-дәрілердің бірқатар түрлерін жеткізіп тұруға ниетті екендерін мәлімдеген болатын. Сол аралықта республикашыл Майкл Маккол АҚШ Конгресінде Киевке алысқа атылатын снарядтар беруді бастау жөніндегі пейілдің күн сайын осы тарапқа қарай бұрылып келе жатқанын, бұл күннің тым алыста емес екенін айтты.