×

Қазақстанда шоколад пен кондитерлік өнімдер 25% қымбаттады

Шоколадтың бағасы 4 өңірде айтарлықтай өскен

 Дәурен Ерболат 28.02.2023 | 15:01
Фото: delo360.ru

Қазақстанда шоколад пен кондитерлік өнімдер бір жылда шамамен 25% қымбаттады, деп хабарлады Energyprom.kz.

Биыл қаңтарда шоколад және қанттан жасалатын кондитерлік өнімдер өндірісі 8,1 мың тоннаға жетті. Бұл – 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда 74,2% артық.

Былтыр секторда 96,9 мың тонна өнім өндірілді. Бұл – 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 8,4% артық көрсеткіш.

Өңірлер бойынша өткен жылы шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдердің жалпы өндірісінің 95%-ға жуығы 3 өңірге ғана тиесілі болды: Алматы қаласы (44,8 мың тонна), Қостанай облысы (32,2 мың тонна) және Алматы облысы (14,9 мың тонна).

Өндірістің айтарлықтай көлемі Шымкентте де байқалды: 2,4 мың тонна. Қалған өңірлердің үлесіне тек 2,6 мың тонна өнім тиесілі.

Бір қызығы, шоколад өндірісі айтарлықтай өскенмен, оның бағасы бұрынғы деңгейде қалмады. 2023 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша шоколад бір айда 0,9% қымбаттады (бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 0,3%).

Соңғы 12 айда шоколад бағасының ай сайынғы айтарлықтай өсуі сәуірде (бірден 4,1%), тамызда (2,7%), сондай-ақ 2022 жылғы наурызда және қыркүйекте (2,5%) тіркелді.

Жылдық динамикада, яғни 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда шоколад бірден 24,5%-ға қымбаттады. Биыл қаңтарда бағаның жылдық өсімі Алматы облысында 10,2%-дан Қызылорда облысында 1,5 есеге дейін ауытқиды. Шоколад құнының айтарлықтай өсуі Ақмола (32,3%), Маңғыстау (31,9%) және Түркістан (30,8%) облыстарында да байқалды.

Жалпы, кондитерлік өнімдердің бағасы да қатты қымбаттаған: бір жылда бірден 31,3%. Өңірлер бойынша кондитерлік өнімдердің қымбаттауы Алматы облысында 22,9%-дан Абай облысында 39,5%-ға дейін ауытқиды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама