×

Министр Үкіметтен онкологиялық аурулармен күресуге 474 млрд теңге сұрады

Жыл сайын 13 мың қазақстандық обырдан көз жұмады

 Дәурен Ерболат 28.02.2023 | 14:27
Фото: primeminister.kz

Бүгінде онкологиялық аурулармен күресуге шамамен 474 млрд теңге керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан аса науқас бақылауда тұр.

Жыл сайын 37 мыңнан аса жаңа жағдай анықталады. Әйелдердің арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда аздап жоғары. Бұл аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обырының тұруымен түсіндіріледі. Еңбекке қабілетті адамдардың сырқаттануы – 56%, - деді министр.

Ажар Ғиният жыл сайын қаншама қазақстандық онкологиялық ауру салдарынан қайтыс болатынын да жеткізді.

Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ, 1-орында сүт безі обыры (13,2%), 2-орында өкпе обыры (10%), 3-орында колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан аса адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек обыры (10,6%), - деді министр.

Оның пікірінше, ауру көрсеткішін төмендету үшін медицинада кешенді жұмыс жүргізу керек.

«Онкологилық аурумен ауыратын науқастарға арналған мобильдік бригадалар желісін, инвазивті емес және морфині бар дәрілік заттар спектрін, оңалту көмегін кеңейту және денсаулық сақтау мамандарын пациенттерді біртіндеп ауырсыздандыру әдістемесіне оқыту жөніндегі іс-шаралар қарастырылған.

Кешенді жоспарды іске асыру үшін медициналық жабдықтарды, дәрілік препараттарды сатып алуға, мамандарды оқытуға, заманауи онкология орталықтарын салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеу жүргізуге шамамен 474 млрд теңге керек, - деді Ажар Ғиният.

Бұл қаражат республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және инвесторлардан тартылады.

Бұған дейін онкологиялық аурулардан өлім-жітім деңгейі жоғары өңірлер аталған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама