Журналистерге жасалған арандатушылық шабуылдардың үйлестірушісі ұсталды
Қылмыстық топ БАҚ өкілдеріне қарсы 30-дан аса арандатушылық шабуыл жасаған
Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың үйлестірушісін ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы («Қорқыту»), 147-бабы («Жеке өмірге қол сұғу»), 158-бабы («Журналистік қызметке кедергі келтіру»), 202-бабы («Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») және 293-бабы («Бұзақылық») бойынша айып тағылып отыр.
Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда «тапсырыстар» беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу сияқты әрекеттер жасалған арнайы техника табылып, тәркіленді.
Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан аса арандатушылық шабуыл жасаған. Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы президентті және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының мәліметінше, соттың 2023 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, күдікті Токаревқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы 2 ай мерзімге, яғни 2023 жылдың 22 сәуіріне дейін қолданылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді.