Күдікті ретінде оның әйелі ұсталды
Қостанай облысында денесінде зорлық белгілері бар 50 жастағы ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 23 ақпанда жергілікті тұрғын Лисаков қаласының полиция бөліміне өзінің ағасын 4 ай бойы көрмегенін айтып жүгінген. Айтуынша, ағасы қоңырауларға жауап бермеген, қайда екені белгісіз.
Жедел-тергеу тобы тұрғылықты жерді іздестіру барысында денесінде зорлық белгілері бар жоғалған 50 жастағы ер адамның мәйітін тапты.
Қылмыс жасады деген күдікпен жәбірленушінің 51 жастағы әйелі ұсталды. Ол қазір мінез-құлқындағы ауытқушылыққа байланысты жүйке жүйесі аурулары ауруханасына жатқызылған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі («Жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр.