Бұл бағытта аптасына 2 рейс жиілігімен тұрақты ұшу жоспарланған
1 шілдеден бастап Қазақстан мен Оман арасында тікелей рейс ашылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Халықаралық рейстердің санын ұлғайту, сондай-ақ «ашық аспан» режимін іске асыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Оман авиациялық билігімен бірлесіп, «Salam Air» әуе компаниясының тұрақты жолаушылар рейстерін ашу мәселесін пысықтады.
Осылайша, «Salam Air» 2023 жылғы 1 шілдеден бастап А-320neo және А-321neo типті әуе кемелерінде аптасына 2 рейс (бейсенбі және жексенбі) жиілігімен Маскат – Алматы бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстерді орындауды бастауды жоспарлап отыр.
Қазақстан мен Оман арасында әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады.
Айта кетсек, «Salam Air» – Оманның Маскат қаласында орналасқан омандық төмен бюджеттік әуетасымалдаушы. Ұшуды 2016 жылы бастады. Әуе компаниясы әлемнің 20-ға жуық еліне (Чехия, Босния және Герцеговина, Судан, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Бангладеш, Непал, Шри-Ланка, Үндістан және т.б.) 30 бағыт бойынша халықаралық рейстерді орындайды. Әуе компаниясының паркінде 11 Airbus A320neo, A321neo ұшағы бар.