Петропавлдағы ЖЭО-да күрделі жөндеу жүргізу үшін 18 млрд теңге қаражат керек
Күл шығаратын қондырғылардың бірі істемей тұр
Петропавлдағы жылу электр орталығында кешенді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 18 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет. Себебі 1961 жылы тұрғызылған стратегиялық нысанның техникалық жағдайы уақыт өткен сайын сыр беруде. Мәселен, осы күндері орталық 60%-ы тозған. Кейбір қазандықтар 70-73%, турбоагригаттар 78-82% ескірген. ЖЭО-да болған апатқа байланысты туындаған мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қайта қалпына келтіру жұмыстарын қазірден басталмаса, 2025 жылы облыс орталығында жылу тапшылығы болуы әбден мүмкін. Биылдың өзінде жаңадан салынған үйлерді орталықтандырылған жылуға қосу үшін рұқсат берілмеуі де ықтимал. Өйткені стратегиялық нысанның шаһарды жылытуға күші жетпейді.
СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, 15 сәуірден кейін жартылай құлаған түтін шығатын мұржаны бұзу жұмыстары басталады. Кейін техникалық тексерістен соң, оның орнына жаңасын салу үшін арнайы жоба әзірленбек. Жоспар бойынша ол 2023 жылдың соңына дейін тұрғызылуға тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, 20 наурызда Петропавлдағы ЖЭО-да биіктігі 150 метр болатын №1 мұржаның 60 метрі опырылып түсті. Салдарынан 1984 жылғы машинист-қараушы әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды. Төтенше жағдайға балйналысты прокуратура қылмыстық іс қозғап, кәсіпорын директоры мен бас инженері екі айға қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасын табуда.
«2021-2022 жылыту маусымы басталғалы Петропавл ЖЭО-да бес рет техникалық апат тіркелді. Кей кездері тіпті бес қазандыққа дейін істен шыққандығы анықталып отыр. Аталған монополист компания тұрғындарды тиісті деңгейде жылумен қамтамасыз ете алмады. Сондықтан, біз жылу ақысын қайта есептеу туралы ұсыныс жасаймыз. Қазіргі таңда №1 мұржаға қосулы болған бес қазандықты қалған екеуіне жалғау қарастылылып жатыр. 20 наурызда болған төтенше жағдайға байланысты тергеу органдары жұмыс істеп жатыр. «СевКазЭнерго» АҚ орталықтың жұмысын қалпына келтіру үшін жол картасын әзірледі. 15 сәуірден бастап қираған мұржа толығымен бұзылады», - дейді Бақыт Ілиясов.
Жақында аталған стратегиялық нысында тағы бір қондырғы істен шықты. Мамандар бірнеше күннен бері күл шығаратын құрылғыны қалпына келтіруде.
Петропавл ЖЭО энергетиктері құлаған №1 түтін мұржасының салдарын жоюмен айналысып жатыр. Сол төтенше жағдайдан кейін кәсіпорында күл шығаратын қондырғылардың бірі істен шыққан. Қазір орталық осындай екі қондырғымен жұмыс істеп тұр. Істен шыққан қондырғы 31 наурызға дейін қалпына келтіреді.
Жалпы 2020– 2021 жылдары жылыту маусымы кезінде мұнда 13 технологиялық олқылық тіркелген. Ал биыл олардың саны 39-ға жеткен. Қазіргі таңда стратегиялық нысанда болған апат орнында әлі күнге республикалық мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр.