Тәртіп сақшылары бизнесменнің клуб ішіне қаруды қалай кіргізгенін анықтап жатыр
Петропавлда коммуналдық кәсіпорынның басшысы тапаншамен атыс ұйымдастырды деген күдікке ілініп, қамауға алынды, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Оқиға түнгі клубта болған.Түнгі сағат 12-лер шамасында 34 жастағы кәсіпкер мен 28-дегі жігіттің арасында дау туып, коммуналдық қызмет жетекшісі тапаншамен оқ атқан. Оқ жәбірленушіге тиген. Араға үш сағат салып, ауыр жарақаттың салдарынан ол ауруханада көз жұмды. Қазір полицейлер тергеу жұмысын қолға алды. Атыс клубтың ішінде болған. Тәртіп сақшылары кәсіпкердің клуб ішіне қаруды қалай кіргізгенін анықтап жатыр.
«Аталған факті ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерулердің біріңғай тізіліміне енгізілді. Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысты жасады деген күдікпен Қызылжар ауданының 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті Петропавлдағы уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деді қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Баян Досжанова.