Талғар ауданында таудың етегі опырылып, 2 үй үйінді астында қалды
Ауылда қазір жарық, су, газ өшті
Бүгін таңертең Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында таудың етегі опырылып, екі үйді басып қалды.
Үйде тек үлкен ұлым болған. Таудан су кеткен. Құлаған таудың үйіндісі қабырғаны жарып өткен. Ауылда қазір жарық, су, газ өшті. Екінші үйді су алып жатыр. Құбыр жарылған сияқты. Құтқарушы мамандар келді. Бірақ арнайы техникалары жоқ. Олар тек суретке түсіріп жүр. Тау тағы құлайды деп отыр мамандар, - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Назерке Сейілханова.
Тұрғындардың айтуынша, таудың етегіне тұрғын үйді салуға әкімдік рұқсат берген. Опырылып түскен тау жынысы тұрғындар үшін әлі де қауіпті.
Үй заңдастырылған. Бесағаш ауылы, Баянауыл көшесі, 12 үй. Оны 2021 жылы салғанбыз. Жергілікті әкімдік үйді салуға рұқсат берген. Үйімді қалпына келтіруге қатысты көмек сұраймын. Отбасымызда 4 адам: екі балам, анам, өзім және тустарым да бірге тұрады. Өзім – ІІІ топ мүгедегімін, анам – зейнеткер, - деді Назерке Сейілханова.
Оқиғаның болғанын облыстық ТЖД баспасөз қызметі растады.