Сайлау: дауыс беру бюллетенінің көлемі өзгеретін болды
Ол үшін арнайы тәжірибе де жүргізілген
Мәжіліс сайлауында дауыс беру бюллетенінің көлемі өзгереді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Біз бюллетеньдердің көлемін өзгертеміз. Тіпті, тәжірибе де жасап көрдік. Әдеттегі А4 емес, А5 қағазын қолдансақ, онда бюллетень жақсы оқылады. Бюллетеньде партиялар тізіміне арналған 7 жолақ болады, ал 8-позиция – барлық кандидатқа қарсы дауыс беру жолағы. Бірмандатты округтерге тоқталсақ, 16 кандидаттың аты-жөні еркін сыяды әрі көзге көрінеді. Көру қабілеті нашар адамдар үшін сайлау учаскелерінде арнайы орындар жабдықталады. Депутаттыққа кандидаттар саны 16-дан асса, онда бюллетеннің мөлшері ұлғаяды, – деді Нұрлан Әбдіров ОСК отырысында.
Айта кетейік, 19 наурызда Мәжіліс сайлауы өтеді. Сайлауға 12 млн-нан аса дауыс беруші тіркелген.
7 партиядан 283 кандидат бәсекеге түседі:
- Қазақстан Халық партиясынан – 52,
- Ақ жол партиясынан – 54,
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19,
- «Байтақ» жасылдар партиясынан» – 18,
- «Ауыл» партиясынан – 25,
- Respublica партиясынан – 25,
- AMANAT партиясынан – 90.