Қашаған кен орнында екі ірі газ өңдеу зауыты салынады
Оның біреуі 2025 жылы іске қосылады
Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауыты салынып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өткен сенбіде премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте ішкі нарық үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспарлар қаралды. Қатысушылар Қашаған кен орнында жаңа жобаларды іске асыру, атап айтқанда қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу мәселелерін талқылады. Қазір ол жерде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Кәсіпорын 2025 жылы іске қосылмақ.
Сонымен бірге кен орнында мұнай өндіру көлемін ұлғайту аясында қуаты 4 млрд текше метр болатын тағы бір ірі газ зауытының құрылысы пысықталып жатыр. Жобаны екі кезеңде, яғни 2 млрд текше метрден екі желі бойынша іске асыру жоспарланған.
Премьер-министр дайындық жұмыстарын жеделдетіп, жақын арада жаңа газ зауыты бойынша Жол картасына қол қою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, кеңесте газ транзиті мен импортының кейбір мәселелері қаралды.